Қазақстан 2029 жылғы қысқы Азия ойындарын қабылдайтын болды, бұл шешім Сауд Арабиясының жарысты өткізуден бас тартуына байланысты қабылданды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Осыған дейін Азиаданы Сауд Арабиясында салынып жатқан футуристік Неом қаласында өткізу жоспарланған болатын. Бұл – шөл даланың ортасында 170 шақырымға созылатын, құны 500 миллиард доллардан асатын, 10 миллион адамға арналған мегаполис жобасы. Алайда Сауд Арабиясының үкіметі құрылыс жұмыстарының кестеден айтарлықтай кешігіп жатқанын мойындап, жарысты ұйымдастырудан бас тартты.
Енді ойындар Қазақстанда өтеді. Азия Олимпиадалық кеңесімен ресми келісімшартқа 5 ақпанда Миланда қол қойылады. Алматының ірі спорттық шараларды өткізуде тәжірибесі мол. Қала 2011 жылы Астанамен бірге қысқы Азия ойындарын, ал 2017 жылы қысқы Универсиаданы жоғары деңгейде қабылдаған. Осы жарыстар үшін салынған спорттық инфрақұрылым әлі де толық дайын. Сондай-ақ Алматы 2022 жылғы Олимпиаданы өткізуге үміткер болып, финалда Бейжіңге жол берген еді.
Қысқы Азия ойындары бұған дейін Жапония (4 рет), Қытай (3 рет) және Оңтүстік Корея (1 рет) сияқты елдерде өткен.
Фото: Әлеуметтік желіден
