Фото: Anadolu
Иранның рухани көсемі Әли Хаменеи АҚШ жағынан болуы мүмкін агрессия жергілікті ауқыммен шектелмей, кең көлемдегі өңірлік соғысқа ұласуы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл туралы QazaqToday.info ақпараттық порталы хабарлайды.
— Біз ешқашан соғысты бастамаймыз, алайда кез келген шабуылға жойқын соққымен жауап береміз, — деді Әли Хаменеи.
Ол Ислам революциясының жеңісіне 47 жыл толуы қарсаңында өткен жиындағы сөзінде ұлттық қауіпсіздік мәселелеріне, ел ішіндегі соңғы тәртіпсіздіктерге, сондай-ақ АҚШ-пен арада ұзақ жылдар бойы жалғасып келе жатқан текетірестің негізгі себептеріне тоқталды.
IRNA агенттігінің хабарлауынша, Иран басшысы елде жуырда болған толқуларды мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетімен салыстырды.
Оның айтуынша, полицияға, мемлекеттік мекемелерге, мешіттер мен банктерге жасалған шабуылдардың мақсаты — елдегі басқару жүйесін тұрақсыздандыру. Алайда бұл «астыртын жоспар» сәтті түрде тоқтатылды.
