Баланы қағып, қашып кетті: Риддердегі жүргізуші қылмыстық жазадан қалай құтылды?

Риддерде алты жасар баланы қағып, оқиға орнынан бой тасалаған жүргізуші қылмыстық жауапкершіліктен құтылып, тек әкімшілік жазамен шектелді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Оқиға 2025 жылдың 23 желтоқсанында сағат 13:00 шамасында Риддер қаласындағы аулалардың бірінде болған. Lada X-Ray көлігінің тізгініндегі ер адам алты жасар баланы қағып кеткен. Ол көліктен түсіп, баланың жағдайын бір қарап, артынша көлігіне отырып, кетіп қалған. Болған жайтты куәгерлер мен тұрғын үй кіреберісіндегі бейнекамера жазбалары толық қалпына келтіруге көмектескен.

Жәбірленуші тараптың адвокаты Ольга Кайгородованың айтуынша, оқиға әлеуметтік желіде үлкен резонанс тудырған соң, дәрменсіз баланы қауіпті жағдайда қалдырып кеткен жүргізушіге қатысты әкімшілік іспен қатар қылмыстық іс те қозғалған.

Жол апатынан кейін дәрігерлер балаға «бассүйек-ми жарақаты» және «кеуде қуысының соғылуы» диагнозын қойған. Бала бірнеше күн ауруханада, екі апта үйінде емделген.

«Қылмыстық іс қозғалғаннан кейін кінәлі жүргізуші жәбірленушілерге өзі хабарласып, кешірім сұрады. Бұл жағдайда «ештен кеш жақсы» деген орынды. Жәбірленуші тарап кешірімді қабылдап, қылмыстық қудалауды тоқтату туралы арыз жазды. Өйткені жүргізуші шын мәнінде өкінді, оның үстіне ол зейнет жасына таяған, денсаулығында да кінәраттары бар адам болып шықты. Қазір баланың жағдайы жақсы, ауыр зардаптар болған жоқ», — деп жазды Кайгородова өзінің Instagram парақшасында.

Ал 30 қаңтарда Риддер қалалық соты осы жүргізушіге қатысты әкімшілік іс бойынша шешім шығарды.

Ер адам Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің екі бабы бойынша кінәлі деп танылды. ӘҚБтК-нің 610-бабы 2-бөлігіне сәйкес («Жүргізушілердің жол жүрісі қауіпсіздігі ережелерін бұзып, жәбірленушінің денсаулығына жеңіл зиян келтіруі») оған 173 мың теңге айыппұл салынды.

Ал ӘҚБтК-нің 611-бабы 2-бөлігімен («Жүргізушінің жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалуы») ол бір жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика