Ақмола облысында 430-дан астам үлескер жылдар бойы уәде етілген баспанасын ала алмай келеді. Өңірдегі барлық үш проблемалы нысан да құрылысы тоқтамайтын Қосшы қаласында орналасқан, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясы басқармасының өкілі Рауан Шаймерденовтің айтуынша, былтыр жазға дейін мұндай нысан төртеу болған. Оның бірі – «Сиреневый сад» (кейін «Ынтымақ» деп өзгертілген) тұрғын үй кешенінің құрылысы 11 жылдан соң аяқталыпты. Жаңа инвестордың арқасында үй 2025 жылдың 5 маусымында пайдалануға беріліп, жүзден астам отбасы пәтер кілтін алған.
Алайда, бұл – ұзаққа созылған құрылыс тарихындағы сирек кездесетін сәтті оқиға. Қалған үш нысанның тағдыры әлі бұлыңғыр. Атап айтқанда, «Шоколад» (100 үлескер), «Құрылтай» (190) және «Diamond Park» (141) тұрғын үй кешендерінің болашағы белгісіз күйде тұр.
Шенеуніктер «Diamond Park» бойынша жұмыс жүріп жатқанын айтады.
«Diamond Park» бойынша «КГС Сауда» ЖШС-мен бірлескен қызмет туралы шартқа қол қойылды. Құрылымдар зерттеліп, геология мен топография жүргізілді. Қазір жобалау жұмыстары жүріп, техника тартылуда», — деп түсіндірді Рауан Шаймерденов.
Бірақ бұл сөздер үміті үзілген халық үшін «дайындыққа дайындық» кезеңінен аса алмай тұр. Ал «Құрылтай» мен «Шоколад» кешендеріне қатысты мәселені «кезең-кезеңімен» шешуге уәде берілген. Бұл шенеуніктер тілінде «жұмыс тез бітпейді» дегенді білдірсе керек.
Үлескерлік құрылыстағы негізгі мәселе – «брондау» деп аталатын тәсілдің әлі де кеңінен қолданылуында. Яғни, құрылыс компаниялары жұмысты толық аяқтамай жатып, азаматтардың ақшасын тартып алады. Нәтижесінде үйлер өздері жылдап күтуге мәжбүр болған адамдардың қаражатына салынады.
Мемлекет заңнаманы қатайту арқылы бұл мәселені шешуге тырысып жатыр. Бірнеше кодекс пен заңға өзгерістер енгізілді: салынып жатқан үйлерде алдын ала шарттар жасасуға, «Қазреестрде» тіркелмеген жарнамаға, қолма-қол есеп айырысуға тыйым салынды. Дегенмен, қазіргі жағдай осы: бір нысан әзер бітті, үшеуінің құрылысы тоқтап тұр, ал жүздеген отбасы уәде мен сараптама арасында сарсаңға түсіп отыр.
Фото: Әлеуметтік желіден
