Қаңтар айынан бастап Қазақстанда инфляцияны есептеу әдісі түбегейлі өзгерді. Енді Ұлттық статистика бюросы негізгі көрсеткішті касса аппараттары арқылы берілетін фискалды чектердің деректеріне сүйеніп анықтайды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Жаңа әдістеме ақпаратты тазалау, жіктеу, тауарларды топтастыру және индексті динамикалық түрде есептеу сияқты бірнеше кезеңнен тұрады. Ведомствоның мәліметінше, бұл тәсіл нақты уақыт режимінде бағаның өзгеруін дәлірек бақылауға мүмкіндік береді.
«Жаңа тәсіл деректерді жылдам алуға, баға өзгерісін дәлірек қадағалауға және талдау мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады», — деп атап өтті бюро өкілдері.
Қазірдің өзінде есептеу үшін 60 миллионнан астам чектің деректері қолданылып жатыр. Қаңтар айының қорытындысы бойынша жаңа әдіспен есептелген инфляция көрсеткіші 2 ақпанда жарияланады. Салыстыру үшін, 2023 жылдың желтоқсанында айлық инфляция 0,9%, ал жылдық көрсеткіш 12,3% болған еді.
Фото: Әлеуметтік желіден
