Иран АҚШ пен Израиль тарапынан жіберілген дипломатиялық ескертулерді қабылдамай тастады, бұл Таяу Шығыстағы онсыз да күрделі жағдайды одан сайын ушықтырып отыр, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
АҚШ Тегеранға «шектеулі әскери соққы жасалуы мүмкін, оған Иран не көнуі, не тек символдық жауаппен шектелуі тиіс» деген мазмұнда хабарлама жолдаған. Алайда Иран билігі бұл ұстанымды түбегейлі жоққа шығарып, өздерінің «қызыл сызықтарын» нақтылады.
Тегеранның ресми мәлімдеуінше, Иран аумағына жасалған кез келген шабуыл толыққанды соғыс деп бағаланады және оған сай жауап беріледі.
Сонымен қатар, Израиль де араағайындар арқылы Тегеранға хабар жолдап, АҚШ-тың ықтимал шабуылына қатыспайтынын жеткізген. Осыған байланысты Израиль өз аумағын нысанаға алмауды сұраған. Бірақ Иран бұл талапты да қабылдамаған.
Иран ресми түрде егер АҚШ әскери қимылдарды бастаса, Израиль де соққы нысанасына айналатынын қатаң ескертті.
Бұған қоса, Тегеран Бакуден бастап Эр-Риядқа дейінгі аймақтағы барлық елге ресми ескерту жасады. Онда Иранға шабуыл жасау үшін өз жерін, әуе кеңістігін немесе су айдынын пайдалануға рұқсат берген кез келген ел тікелей жау ретінде қарастырылатыны айтылған.
Сарапшылардың пікірінше, дәл осы факторлар АҚШ-ты өткен аптада жоспарланған әскери операцияны кейінге қалдыруға мәжбүр еткен. Дегенмен, Вашингтон аймаққа әскери-әуе және теңіз күштерін, сондай-ақ қосымша әскери техниканы жеткізуді тоқтатқан жоқ.
Фото: Әлеуметтік желіден
