Белгілі ММА файтері Қуат Хамитов қазақстандық футболшыларға қатысты тағы да сын айтып, олардың табысы мен өзінің гонорарын салыстырды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Спортшының айтуынша, ол кәсіби мансабында шетелдік ареналардан қомақты қаржы тауып, оны Қазақстанға әкелген. Ал футболшылар, керісінше, мемлекет бөлген халықтың қаражатын алып отыр деп санайды.
«Мен 40 жекпе-жек өткізіп, басқа елдерден 2 миллион доллар «тонап», оны Қазақстанға әкелдім. Ал сіздер, футболшылар, ақшаны Қазақстаннан алып кетесіздер. Бұл – халықтың ақшасы. Айырмашылықты сезінесіздер ме?» – деді Хамитов.
Файтердің бұл мәлімдемесі әлеуметтік желіде үлкен талқылау тудырды. Бұған дейін де Қуат Хамитов отандық футболға бөлінетін бюджеттің тым көп екенін бірнеше рет айтып, ол қаржыны ауыл шаруашылығы немесе басқа әлеуметтік маңызды салаларға жұмсауды ұсынған болатын.
Фото: Әлеуметтік желіден
