Жетісу облысында өз сәбиін соққыға жыққан күдікті әйел қамауға алынды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 18 қаңтарда әлеуметтік желілерде сәбиге зорлық-зомбылық көрсетілген видео тарап, қоғамның ашу-ызасын тудырған еді. Полиция қызметкерлері бір тәулік ішінде күдікті ананың жеке басын анықтап, оны уақытша ұстау изоляторына қамады.
Тергеу амалдары жүргізіліп жатқан кезде әйелдің екі баласы да отбасын қолдау орталығына орналастырылды. 27 қаңтарда сот күдіктіні екі ай мерзімге қамауға алу туралы санкция берді.
Қазіргі таңда әйелге қатысты кәмелетке толмаған баланы азаптау бабы бойынша іс қозғалды. Егер оның кінәсі дәлелденсе, ол жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Фото: Әлеуметтік желіден
