Қарағанды облысының спорт басқармасында Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев пен оның орынбасары арасындағы жанжалдан кейін кешенді аудит басталды. Оқиғадан соң боксшы мәлімдеме жасап, аймақтағы «көлеңкелі тұлғалар» туралы айтты, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі жағдайды жан-жақты және объективті қарау үшін спорт басқармасында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаменті тарапынан қызметтік тексеріс, сондай-ақ мекеме қызметіне толық аудит жүргізілетінін мәлімдеді.
Бұған дейін Серік Сәпиев әлеуметтік желіде орынбасары Дәурен Есімхановпен болған төбелеске қатысты жазба жариялаған еді. Ол жанжалдың себебін ашып айтты.
«Мен аймақта жасырын ықпалы бар белгілі бір тұлғалардың қарсылығына тап болдым. Менің орынбасарым рұқсатымсыз облыстағы спорт ұйымдарының басшыларына заңсыз ротация жасауға тырысты. Мен оның заңсыз әрекеттерінің жолын бейбіт түрде кестім, осыдан кейін жанжал туындады», — деп жазды Серік Сәпиев.
БАҚ мәліметінше, Серік Сәпиев пен Дәурен Есімханов арасындағы кикілжің облыстық кешенді мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің аумағында төбелеске ұласқан. Оқиға салдарынан Сәпиев дене жарақатын алған. Қарағанды облысының полиция департаменті 42 жастағы қала тұрғынының арызы бойынша іс қозғалғанын растады. Қазіргі уақытта полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Серік Сәпиев – бокстан 2012 жылғы Олимпиада чемпионы, екі дүркін әлем чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері. Ал оның орынбасары Дәурен Есімханов – самбо және жауынгерлік самбодан Азия және әлем чемпионаттарының жүлдегері, джиу-джитсудан әлем чемпионы.
Бұл екі шенеуніктің де бұрын даулы оқиғаларға қатысы болған. 2023 жылдың жазында Дәурен Есімхановпен әдеп жөніндегі уәкіл жеке түсіндіру жұмысын жүргізсе, сол жылы Серік Сәпиев Batyrball ойыны кезінде палуан Зелимхан Мусихановпен сөзге келіп, жанжал төбелеске ұласа жаздаған.
Фото: Нейрожелімен жасалған
