2026 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстандағы кәсіпкерлер тауар мен қызмет ақысын бір ғана терминал және бірыңғай QR-код арқылы қабылдауға міндеттеледі, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Бұл жаңашылдық әр банктің жеке QR-коды мен терминалын қолдану тәжірибесін тоқтатады. Енді клиент қай банктің мобильді қосымшасын пайдаланса да, сатушының бірыңғай QR-кодын сканерлеп, төлем жасай алады. Ол үшін барлық банктер ортақ банкаралық мобильді төлемдер жүйесіне қосылуы тиіс.
Алайда бұл талаптың кейбір ерекшеліктері бар. Үкімет POS-терминал орнатуға міндетті қызмет түрлерінің тізімін арнайы бекітеді. Сондай-ақ, байланыс желісі жоқ елді мекендерде жұмыс істейтін кәсіпкерлер бұл ережеден босатылады.
Қазіргі таңда бұл жүйе пилоттық режимде іске қосылған. Оған еліміздегі 23 банктің тек алтауы ғана қосылып үлгерген. Жаңа талап 2026 жылдың екінші жартысынан бастап барлық кәсіпкер үшін толықтай күшіне енеді.
