Қызылордада 49 жастағы ер адам ауруханаға түскеннен кейін бір жарым жылдан бері комада жатыр. Науқастың жақындары дәрігерлерді салғырттық танытты деп айыптайды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Зардап шеккен азаматтың әйелінің айтуынша, оның күйеуі бір жарым жыл бұрын пневмонияға шалдығып, ауруханаға өз аяғымен барған. Алайда палатаның іші тым қапырық болғандықтан, келесі күні үйден емделуге сұранған.
Үйіне таксимен қайтып бара жатқанда оның жүрегі тоқтап қалған. Соның салдарынан миының жұмысы тоқтап, сол уақыттан бері ес-түссіз жатыр.
«Барлық ішкі мүшесі жұмыс істеп тұр. Жүрегі 10-11 минут соқпағандықтан, миының жұмысы тоқтаған. Аяғымен емделуге келген адам осындай жағдайға түсті. Бір жыл жеті айдан бері ес-түссіз жатыр. Неге сол күні тиісті ем көрсетпеді? Оны аман алып қалуға болатын еді ғой», — дейді Қарлығаш Сақтапбергенова.
Аурухана қызметкерлері тағылған айыптармен келіспейтінін жеткізді.
Фото: Әлеуметтік желіден
