Допинг дауына іліккен қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлының менеджері Берік Сұлтан соңғы оқиғаларға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Спортшының «B» сынамасы да оң нәтиже көрсеткен соң, ол тергеу аяқталғанша жекпе-жектерден уақытша шеттетілді. Осыған байланысты менеджері әлеуметтік желіде жазба жариялап, жағдайды түсіндірді.
«Жәнібек таза. Ол ешқандай тыйым салынған затты қабылдаған жоқ. Қазір допинг мәселесімен мамандар – промоутер, менеджер және заңгерлер айналысып жатыр. Біз тек күтуден басқа ештеңе істей алмаймыз. Шеттету мерзімін барынша азайту үшін жұмыс жүріп жатыр. «B» сынамасынан да сол зат табылды. Өкінішті, әрине, бірақ басқаша нәтиже болуы екіталай еді. Қазір оның ағзаға қалай түскені зерттеліп жатыр. Келесі қадам қандай болатынын көреміз», — деді Берік Сұлтан.
Фото: Әлеуметтік желіден
