Фото: REUTERS
Испанияда жедел жүретін пойыздардың соқтығысуы салдарынан кемінде 40 адам көз жұмды. Қайғылы жағдайға байланысты елде үш күндік ұлттық аза тұту жарияланды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Апат жексенбі күні кешке Андалусия аймағында, Кордова қаласына жақын жерде болған. Мадрид бағытына бет алған пойыз рельстен шығып, қарсы бағытта келе жатқан жедел пойызбен соқтығысқан. Оқиға салдарынан 120-дан астам адам жарақат алып, олардың 41-і ауруханаға жатқызылды, ал 12 адам жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр.
Теміржол инфрақұрылымына жауапты Adif компаниясының мәліметінше, апат жергілікті уақыт бойынша 19:45-те тіркелген. Алдын ала деректер рельстің бір бөлігінде техникалық ақау болуы мүмкін екенін көрсеткенімен, оның нақты себеп болғаны әлі анықталған жоқ. Тергеу жұмыстары кемінде бір айға созылады.
Испанияның көлік министрі Оскар Пуэнте қаза тапқандар мен жараланғандардың басым бөлігі пойыздың алдыңғы вагондарында болғанын мәлімдеді.
Апатқа Ferrovie dello Stato компаниясына тиесілі Freccia 1000 жедел пойызының қатысы бар екені нақтыланды. Осыған байланысты Мадрид пен елдің оңтүстігіндегі бірқатар қалалар арасындағы жедел пойыз қозғалысы уақытша тоқтатылды.
Фелипе VI пен патшайым Летиция қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты. Ал Испания Қызыл Кресті апат орнында медициналық әрі психологиялық көмек көрсетіп жатыр.
