Қазақстанда вице-президент лауазымы құрылады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысы барысында мәлімдеді.
«Біз Қазақстан Республикасының Вице-президенті институтын құру және оны Конституцияда бекіту туралы айтып отырмыз. Вице-президентті Президент Парламенттің келісімімен қарапайым көпшілік дауыспен тағайындайды. Мемлекет басшысы өз өкілеттіктерінің көлемін өзі анықтайды. Вице-президент Президенттің тапсырмасы бойынша халықаралық форумдар мен шетелдік делегациялармен келіссөздерде Қазақстан Республикасының мүдделерін білдіретіні, Парламентте Президенттің мүдделерін білдіретіні, отандық және шетелдік қоғамдық-саяси, ғылыми, мәдени және білім беру ұйымдарымен өзара әрекеттесетіні және Президенттің басқа да тапсырмаларын орындайтыны көзделіп отыр», — деді Мемлекет басшысы.
