Қазақстанда бір жыл ішінде 234 852 жаңа жеңіл және коммерциялық көлік сатылып, нарық 14,4%-ға өскен. Дегенмен, сатылған көліктердің 39%-ын қытайлық брендтер құраса да, олар ең танымал үштікке ене алмады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Автокөлік нарығындағы көшбасшылар қатары өзгеріссіз қалды. Ең көп сатылған брендтер тізімінде Hyundai, Chevrolet және Kia алдыңғы орындарды ешкімге бермеді. Бұл кореялық және америкалық брендтердің қазақстандықтар арасындағы сенімі жоғары екенін көрсетеді.
Ал қытайлық брендтер арасында Chery, Jetour, Haval және Changan ерекше сұранысқа ие болды. Олардың нарықтағы жалпы үлесі өткен жылғы деңгейде, яғни 39% шамасында сақталды. Бұл көрсеткіш қытай автоөнеркәсібінің елдегі ықпалы артып келе жатқанын аңғартады.
Сонымен қатар, Қазақстанның автомобиль өнеркәсібі тарихи рекорд орнатты: жергілікті зауыттар бір жылда 171 мыңнан астам машина құрастырып шығарды.
Фото: Әлеуметтік желіден
