Елімізде қыстың қаһары күшейіп, синоптиктер алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамын жариялады. Ірі мегаполистерде аяз бен көктайғақ сақталады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Астанада алдағы үш күнде ауа райы құбылмалы болады. 18 қаңтарда жауын-шашынсыз, бірақ түнде термометр бағаны -29-31 градусқа дейін төмендейді. Күндіз -18-20 градус аяз сақталады. 19-20 қаңтарда елордада мезгіл-мезгіл қар жауып, бұрқасын соғуы ықтимал. Ауа температурасы сәл жұмсарып, түнде -17-22, күндіз -14-17 градус шамасында болады. Оңтүстік-батыстан секундына 9-14 метр жылдамдықпен жел соғады.
Алматыда да аяздың беті қайта қоймайды. 18 қаңтарда түнде қар жауады, қала көшелерінде көктайғақ пен тұман болуы мүмкін. Түнгі уақытта ауа температурасы -16-18 градусқа дейін суытса, күндіз -11-13 градусты көрсетеді. 19-20 қаңтарда жауын-шашын тоқтайды, бірақ жолдарда көктайғақ сақталады. Ауа температурасы біртіндеп жылына бастайды: түнде -13-17, күндіз -3-7 градус аяз болады.
Шымкент тұрғындарын да күрделі ауа райы күтіп тұр. 18 қаңтарда түнде қар жауса, күндіз жаңбырға ұласады. Жолдарда көктайғақ пен тұман болады. Ауа температурасы түнде -4-6, күндіз 0…-2 градус аралығында құбылады. Ал 19-20 қаңтарда күн ашылады, жауын-шашын болмайды. Дегенмен, түнде және таңертең тұман түсіп, жолдарда көктайғақ сақталады. Температура түнде -8-10 градусқа дейін төмендеп, күндіз -2-4 градус болады.
Фото: Әлеуметтік желіден
