Германияның әскерилері Гренландия аралына келіп, болашақта ірі әскери жаттығу өткізуге болатын аумақтарды барлай бастады. Бұл қадам Арктика үшін күресте жаңа текетіреске жол ашуы мүмкін, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Bild басылымының жазуынша, әскери ұшақ аралдың астанасы Нуук қаласына 15 сарбаздан тұратын арнайы топты жеткізген. Делегация құрамында Әуе күштері, Әскери-теңіз күштері, құрлық әскерлерінің өкілдері, сондай-ақ логистика және әуе тасымалы мамандары бар. Олармен бірге Дания әскерилері де келген. Бұл ақпаратты Германияның Қорғаныс министрлігі растады.
Миссияның негізгі мақсаты – Гренландияда қандай форматта және қай жерде ауқымды жаттығу өткізуге болатынын бағалау. Ресми түрде бұл НАТО-ның шарасы емес, бірақ тараптар оның да алыс перспективасын қарастырып жатыр. Сонымен қатар Германия мен Дания аралда НАТО-ның немесе одақтастардың тұрақты миссиясын орналастыру мүмкіндігін де зерттеуде. Жоба топ ішінде Балтық теңізіндегі «Балтық сақшысы» миссиясына ұқсас «Арктика сақшысы» деген бейресми атауға ие болған.
Нақты ұсыныстар Брюссельде өтетін НАТО-ға мүше елдердің қорғаныс министрлерінің ақпандағы кездесуінде талқылануы мүмкін. Негізгі мәселе – бұл іске АҚШ-тың қатысуы. Әскерилер Вашингтонға «стратегиялық маңызы зор солтүстік аймақты қорғаудың сенімді тұжырымдамасын» ұсыну үшін «жергілікті жерді барлап» жатыр. Жақын арада аралға Франция, Ұлыбритания, Швеция, Нидерланд, Канада және Эстониядан да әскерилер келеді деп күтілуде.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Гренландияны Даниядан сатып алуды белсенді түрде ұсынған болатын. Ол аралға иелік етуді Америка Құрама Штаттары үшін «аса қажеттілік» деп атаған. 13 қаңтарда АҚШ конгресінің қарауына Гренландияны АҚШ-қа қосып, оған штат мәртебесін беру мүмкіндігін қарастыратын заң жобасы енгізілген еді.
Фото: Pixabay
