Украинада кезектен тыс сайлау болуы мүмкін: Зеленский бәсекелестерін жинап жатыр

Украинадағы ірі жемқорлық дауынан кейін президент Владимир Зеленский сайлау өту ықтималдығы артуына байланысты өзінің саяси бәсекелестерімен байланыс орната бастады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Bloomberg басылымының жазуынша, Зеленский өзінің басты қарсыласы саналатын, қазір Украинаның Ұлыбританиядағы елшісі қызметін атқаратын Қарулы күштердің бұрынғы бас қолбасшысы Валерий Залужныймен сөйлескен. Екеуінің арасы былтырғы қарсы шабуылдың сәтсіздігінен кейін нашарлап, соңында генерал қызметінен босатылған еді.

Сонымен қатар, Зеленский саяси мансап құруға әлеуеті бар басқа да тұлғалармен кездескен. Олардың қатарында қарулы күштерге қолдау көрсететін қайырымдылық ұйымының жетекшісі, бұрынғы тележүргізуші Сергей Притула және танымал ұлтшыл белсенді Сергей Стерненко бар.

Саясаттанушы Владимир Фесенконың пікірінше, бұл кездесулер президенттің соғыстан кейінгі саясатта өз позициясын нығайтуға тырысып жатқанын көрсетеді. Зеленскиймен жақында кездескен адамдардың барлығы халық арасында танымал және сайлаудағы ықтимал бәсекелестер болып саналады.

«Бұл әрекеттердің алдағы президент сайлауына қатысты екеніне еш күмән жоқ. Президент ықтимал оппозиция көшбасшыларымен қарым-қатынасты жақсартуға немесе оларды өз жағына одақтас ретінде тартуға тырысуы мүмкін», — дейді сарапшы.

Зеленскийдің бұл әрекеттері Украинаның АҚШ-пен бейбітшілік жоспарын талқылауымен тұспа-тұс келіп отыр. 20 тармақтан тұратын жоспар Украинаны атысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізгеннен кейін тез арада президент сайлауын өткізуге міндеттейді. Бұл талапты АҚШ президенті Дональд Трамп та қолдаған. Ал Ресей президенті Владимир Путин әзірге кең ауқымды соғысты тоқтатуға дайын екенін білдірген жоқ.

Елде соғыс жағдайы кезінде сайлау өткізуге тыйым салынған. Алайда Зеленский жақында заң шығарушыларға атысты тоқтатқаннан кейін сайлау өткізуге мүмкіндік беретін заң жобасын әзірлеуді тапсырған.

«Президентке украиндардың басым бөлігі сенім артса да, оның тұсында болған ірі жемқорлық дауы қоғамдағы беделіне нұқсан келтірді. Дегенмен, желтоқсандағы шамалы төмендеуге қарамастан, президентке сенетін украиндардың үлесі шамамен 60% деңгейінде сақталып отыр», — деп жазады агенттік.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика