Мемлекет басшысының өкімімен Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштер Бас штабының бастығы ауысты, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен бұл лауазымға Қаныш Асанханұлы Әбубәкіров тағайындалды. Осыған дейін Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы қызметін атқарған Сұлтан Қамалетдинов қызметінен босатылды.
Қаныш Әбубәкіров бұған дейін де жауапты қызметте болған. Ол 2024 жылдың 4 қаңтарында Президент өкімімен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары болып тағайындалған еді.
48 жастағы генерал-майор Қаныш Әбубәкіров – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери академиясының және Ұлттық қорғаныс университетінің түлегі. Ол әскери мансабын десанттық-шабуылдау батальонының барлау ротасындағы барлау тобының командирі ретінде бастаған.
Кейінгі жылдары 61993, 22750, 25744 әскери бөлімдерінің командирі, сондай-ақ 61993 әскери бөлімі командирінің орынбасары – штаб бастығы қызметтерін атқарды.
Әр жылдары Аэроұтқыр әскерлері қолбасшысының орынбасары, Құрлық әскерлерінің Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскерлеріне және Құрлық әскерлерінің Десанттық-шабуылдау әскерлеріне басшылық етті. Сонымен қатар Құрлық әскерлері бас қолбасшысының бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы лауазымында қызмет еткен.
Фото: gov.kz
