Қытай суды азайтып жатыр: Сарапшы Қазақстанға төнген басты қауіпті атады

Қазақстан су қорының 40%-дан астамын шетелден алады, бұл елдің ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіреді. Qazaq Expert Club сарапшысы әрі Су мәселелері жөніндегі Қазақстан жастар парламентінің президенті Қуаныш Өзбеков жағдайды тұрақтандыру үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Сарапшының айтуынша, Қазақстанның су қауіпсіздігіне бірнеше негізгі фактор қауіп төндіреді. Олардың ішіндегі ең маңыздысы – трансшекаралық тәуелділік. Еліміздегі сегіз су бассейнінің жетеуі судың 44-50%-ын көрші мемлекеттерден алады. Бұл дегеніміз – су мәселесінде Қытай, Өзбекстан және Қырғызстанның шешімдеріне тәуелдіміз.

Нақты қауіптерге келсек, Қытайдың суды тұтыну көлемін арттыруы салдарынан Іле мен Ертіс өзендерінің ағыны 10-27%-ға дейін азайған. Ал Сырдариядағы су көлемі толығымен Қырғызстан мен Өзбекстанның ортақ мүддесіне байланысты.

«Суды басқару – ұлттық қауіпсіздіктің бір бөлігі. Жаңа Су кодексінде алғаш рет су қауіпсіздігі ұғымы бекітілді, бұл мәселенің мемлекеттік деңгейде маңызды екенін көрсетеді», — дейді Қуаныш Өзбеков.

Бұдан бөлек, оңтүстік өңірлердегі су тапшылығы, Тянь-Шань мен Алтай мұздықтарының болжамнан тез еруі және тозығы жеткен каналдардан суармалы судың 50%-ға дейін егістікке жетпей жоғалуы да жағдайды ушықтырып отыр.

Бұл мәселелерді шешу үшін үкімет 2024–2028 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылдады. Оның аясында 42 жаңа су қоймасын салу, 37-сін қайта жөндеу және 14 мың шақырым каналды бетонмен қаптау көзделген. 2026 жылы жасанды интеллект пен спутниктік бақылау элементтері бар суды есепке алудың ұлттық цифрлық жүйесі іске қосылады.

Ауыл шаруашылығы – суды ең көп тұтынатын сала. Мемлекет тамшылатып және жаңбырлатып суару технологияларына жұмсалған шығынның 80%-ын өтейді. Алайда оңтүстік өңірлерде әлі де суды көп қажет ететін күріш пен мақта егіледі, ал суару инфрақұрылымы әбден ескірген.

Халықаралық ынтымақтастық та маңызды рөл атқарады. Қазақстан Қырғызстан және Өзбекстанмен Сырдария, Шу, Талас өзендері бойынша жыл сайын келісімге келіп отыр. Бірақ Қытаймен Іле мен Ертіс бойынша келіссөздер баяу жүруде, себебі міндеттейтін заңды тетіктер аз.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ аясында Орталық Азияның халықаралық су-энергетика агенттігін құру идеясын ұсынды. Бұл бастаманы іске асыру үшін Қазақстанның мүддесін халықаралық келіссөздерде қорғай алатын жас дипломаттар мен су сарапшылары қажет.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика