Салық реформасы сәтсіз басталды ма? Банктер өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арнайы шот аша алмай отыр

Фото: ЖИ

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енді. Оның аясында өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін жеңілдетілген арнайы режим іске қосылған болатын. Алайда, заң қағаз жүзінде дайын болғанымен, іс жүзінде инфрақұрылым жаңашылдықты қабылдауға қауқарсыз болып шықты. Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, 66 мың азамат заңды жұмыс істеуге ниет білдірген, бірақ олар қазір тығырыққа тіреліп отыр.

«Жүйе дайын емес»: Уәде мен шындық

Жаңа салық режимінің шарттары өте тартымды көрінген еді: жеке кәсіпкер (ЖК) ретінде тіркелудің қажеті жоқ, есеп беру міндеттелмейді, тек табыстың 4%-ы мөлшерінде әлеуметтік төлем төленеді. Барлық процесс, чек шығарудан бастап салық төлеуге дейін, «e-Salyq Business» қосымшасы немесе интернет-платформалар арқылы автоматты түрде жүргізілуі тиіс болатын.

Бірақ іс жүзінде жағдай мүлдем басқаша өрбіді. Жаңа ереже бойынша, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар барлық операцияны «арнайы банктік шот» арқылы жүргізуі керек. Алайда дәл осы жерде жүйе сыр берді – екінші деңгейлі банктер мұндай шоттарды ашуға техникалық тұрғыда дайын болмай шықты.

31 желтоқсан синдромы: Кешіккен шешімнің салдары

Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің айтуынша, мәселенің түп-төркіні мемлекеттік органдардың арасындағы үйлесімсіздікте жатыр.

«Адамдар өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлға ретінде тіркелгісі келіп, мысалы, пәтер жалдау қызметін таңдайды, бірақ қосымша оларды әрі қарай өткізбейді. Себебі жүйе толық жасалмаған. Банкке барса, ондағылар «бізде әзірге арнайы шот жоқ» деп қайтарады. Мән-жайға үңілсеңіз, Ұлттық банк арнайы шоттарға қатысты ережелерді тек 2025 жылдың 31 желтоқсанында, яғни жылдың ең соңғы жұмыс күнінде қабылдаған», – дейді сарапшы.

Бұл – мемлекеттік жоспарлаудағы өрескел қателік. Банктерге жүйені баптау үшін уақыт берілмеген, нәтижесінде заңға бағынғысы келген кәсіпкерлер зардап шегуде.

Сарапшы кеңесі: «Хаос» кезінде қалай жұмыс істеу керек?

Салық сарапшыларының болжамынша, арнайы шоттар қаңтар айының соңына қарай ғана қолжетімді болуы мүмкін. Оған дейін кәсіпкерлер қолма-қол ақша алуға немесе қарапайым карталарды пайдалануға мәжбүр. Бірақ мұның да өз тәуекелі бар: ертең салық органдары қай түсімнің кәсіпкерлік табыс екенін дәлелдеуді талап етуі мүмкін.

Салық сарапшысы Дмитрий Казанцев қазіргі өтпелі кезеңде кәсіпкерлерге мынадай кеңес береді:

  1. Жеке карта ашыңыз: Күнделікті тұрмыста қолданбайтын, басқа бір банктегі жеке картаны уақытша пайдаланыңыз.

  2. Тек соған қабылдаңыз: Кәсіпкерлік табысты тек осы картаға қабылдап, міндетті түрде чек ұрыңыз.

«Шынында да, қазір режимдермен де, жалпы жүйемен де «бардак» болып жатыр. Меніңше, бұл жағдай әлі 1 айдан 3 айға дейін созылады», – деп ескертеді Д. Казанцев.

Жүйелі олқылықтар

Бұл жағдай тек арнайы шоттарға ғана қатысты емес, жаңа Салық кодексінің әкімшілендіруіндегі жалпы проблемалардың көрінісі іспетті. Экономист, «Улагат кансалтинг групп» директоры Марат Қайырленов бұл жағдайға таңғалмайтынын айтады.

«Мен таңғалмаймын. Салық кодексінің мазмұнында да, оны жүзеге асыруда да қиындықтар көп. «Е-Таңба» жүйесін алсақ та солай. Кәсіпкерлерге ҚҚС (НДС) тез қайтарылуы керек деп уәде етілгенімен, іс жүзінде проблема шаш етектен», – дейді экономист.

Түйін: Жаңашылдықтың мақсаты – көлеңкелі экономиканы жарыққа шығару және кәсіпкерлерге ыңғайлы жағдай жасау еді. Алайда мемлекеттік органдардың шабан қимылы мен кеш қабылданған шешімдері кері әсерін тигізуде. Кәсіпкерлер қазір жүйенің реттелуін күтіп, уақытша шешімдермен күнелтуге мәжбүр.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика