Астанада көлікте келе жатқан құқық қорғау органының қызметкеріне аңшы мылтығынан оқ атылып, шабуыл жасаған күдікті қолға түсірілді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Елордалық Полиция департаментінің мәліметінше, қала тұрғыны жол бойындағы көліктің жүргізушісіне мылтық кезеп, оқиға орнынан ізін суытқан. Жәбірленушінің өзі бірден полицияға хабар берген.
«Астана қаласының тұрғыны көлігімен өтіп бара жатқан жүргізушіге аңшы мылтығынан оқ атып, оқиға орнынан бой тасалаған», — деп хабарлады полиция өкілдері.
Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде полицейлер күдіктіні көп ұзамай ұстады. Ол 21 жастағы Астана тұрғыны болып шықты.
«Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Мылтық тәркіленді. Зардап шеккен азамат – құқық қорғау органының қызметкері, оқиға кезінде еңбек демалысында болған», — делінген ПД хабарламасында.
Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбады. Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, зардап шеккен азамат – «Сұңқар» арнайы жасағының қызметкері.
Фото: Әлеуметтік желіден
