Астанада оқушы аялдама шынысын сындырып, ата-анасы жауапкершілікке тартылды
Астанада жасөспірім Бөгенбай батыр даңғылындағы аялдама шынысын сындырып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ата-анасы да жазаланып, қала мүлкіне келтірілген шығынды өтейді.
Сурет: newtimes.kz
Астанадағы Бөгенбай батыр даңғылында орналасқан аялдама павильонының шынысын жасөспірім аяғымен теуіп сындырып, оқиға орнынан қашып кеткен. Алайда полиция қызметкерлері оны тауып, жазаға тартты.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Жасөспірімнің әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
«Полиция қызметкерлері бұзақыны анықтады. Ұсақ бұзақылық үшін ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кәмелетке толмаған жасөспірім профилактикалық есепке қойылды», – деп хабарлады полициядан.
Сонымен қатар, баланың мінез-құлқы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияда жеке қаралатын болады. Жасөспірімнің ата-анасы да жазаланды. Олар бала тәрбиесіндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қала мүлкіне келтірілген шығынды өтейді.
«Полиция вандализм және қала мүлкін бүлдіру фактілеріне қатаң қадағалау жүргізуді жалғастыруда. Әрбір осындай факт құқықтық баға алады, ал кінәлілер жауапкершілікке тартылады», – делінген хабарламада.
