Алматыда әлеуметтік желіге видео салған мотоциклист 10 тәулікке қамалды
Алматыда әлеуметтік желіге өзінің қоғамдық тәртіпті бұзған видеосын жариялаған мотоциклист 10 тәулікке қамалды. Полиция мұндай әрекеттердің жауапкершіліктен босатпайтынын ескертті.
Сурет: azattyq-ruhy.kz
Алматыда әлеуметтік желіге өзінің қоғамдық тәртіпті бұзған бейнежазбасын жариялаған мотоциклист 10 тәулікке қамалды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Алматы қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, Бостандық аудандық полиция басқармасының қызметкерлері интернет кеңістігін қадағалау кезінде құқық бұзушының өзі таратқан видеороликті тауып алған.
Бейнежазбада мотоциклист жол қозғалысының басқа қатысушыларын арандатып, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған, сондай-ақ оны былапыт сөздермен сүйемелдеген.
Тәртіп бұзушының жеке басы жедел анықталып, ол Алматы қаласының 39 жастағы тұрғыны екені белгілі болды. Оған ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Сот шешімімен ер адам кінәлі деп танылып, 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды.
Алматы полициясы ескерткендей, әлеуметтік желілерде заңға қайшы әрекеттерді жариялау жауапкершіліктен босатпайды. Керісінше, ондай материалдар тексеру жүргізуге және заңда көзделген шараларды қабылдауға негіз болады.
