Ресей 30 жылдық ұшақтарды қайта әуеге көтермек: Сертификат мерзімі өтіп кеткен

Санкциялар мен жаңа әуе кемелерінің тапшылығына тап болған ресейлік авиакомпаниялар қоймада тұрған ескі ұшақтарды қайтадан әуеге көтеруге мәжбүр, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

«Ростех» мемлекеттік корпорациясы ресейлік авиациялық техниканы қалпына келтіру бағдарламасын 2027 жылға дейін созды. Бұл бағдарлама аясында 9 бірлік Ту-204/214, 1 бірлік Ан-148 және 2 бірлік Ил-96 ұшағын қатарға қосу көзделген. Олардың басым бөлігі авиакомпанияларға тапсырылса, алдағы екі жылда тағы екі Ту-204 беріледі.

Тек ресейлік емес, шетелдік ескі ұшақтар да қайта пайдалануға берілмек. Мәселен, «Россия» әуе компаниясы банкротқа ұшыраған «Трансаэродан» қалған екі қабатты Boeing 747 ұшақтарының санын екеуден төртеуге дейін арттыруды жоспарлап отыр. Ұзақ уақыт сақтауда тұрған борттардың бірі 2025 жылы, екіншісі 2027 жылы іске қосылады.

Бұл ұшақтардың жасы да алаңдатады. «Агентство» басылымының мәліметінше, «Россия» компаниясының қоймасындағы Boeing 747 ұшақтарының ең ескісі 28 жаста болса, Red Wings паркіндегі Ту-204 ұшағының ең кәрісі 31 жасқа толған. Ең бастысы, бұл лайнерлердің ұшуға жарамдылық сертификаттарының мерзімі 2019-2024 жылдар аралығында өтіп кеткен.

Сарапшылар мұндай ескі лайнерлерді қайта қатарға қосуды бірнеше себеппен байланыстырады: халықаралық санкциялар, техника тапшылығы, ресейлік жаңа ұшақтардың сериялық өндірісінің кешігуі және қолданыстағы парктің тозуы. Есептен шығарылған ұшақтардың орнын жаңа борттармен алмастыру әзірге мүмкін болмай тұр.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика