Олимпиада-2026 аяқталды: тарихи алтын Қазақстанды 19-орынға шығарды

Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өткен XXV Қысқы Олимпиада ойындары ресми түрде жабылып, Олимпиада алауы сөндірілді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

17 күнге созылған жарысқа 94 елден 2917 спортшы қатысып, 16 спорт түрінен 116 медаль жиынтығын сарапқа салды. Қазақстан құрамасынан 10 спорт түрі бойынша 36 атлет бақ сынады.

Ел құрамасы үшін бұл Олимпиада тарихи сәтке толы болды. Мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Қазақстан тарихында осы спорт түрінен тұңғыш Олимпиада алтынын жеңіп алды. Осы жалғыз алтын медальдің арқасында Қазақстан жалпыкомандалық есепте 19-орынға ие болып, соңғы онжылдықтардағы ең үздік нәтижесін көрсетті.

Медальдар саны бойынша Норвегия құрамасы көш бастады (18 алтын, 12 күміс, 11 қола). Екінші орынға АҚШ (12-12-9), үшінші орынға Нидерланд спортшылары (10-7-3) жайғасты.

Олимпиаданың жабылу салтанаты екі мың жылдан астам тарихы бар, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген «Арена ди Верона» амфитеатрында өтті. Салтанатты шарада спортшылар шеруі ұйымдастырылды. Ел құрамаларының туын ұстаушылар делегациядан бөлек жүріп өтті, Қазақстан туын Михаил Шайдоров алып шықты.

Салтанатты шараның қойылымына 800-ден астам әртіс, музыкант және биші қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, рәсім бай мәдени мұра мен заманауи жетістіктерді ұштастырған Италияның бейнесі ретінде ойластырылған. Дәстүр бойынша Олимпиада туы түсіріліп, келесі ойындарды қабылдайтын Францияға тапсырылды. Келесі Қысқы Олимпиада 2030 жылы Францияда өтеді.

Фото: Сәли Сабиров (ҚР ҰОК), видео – Qazsport.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика