Испания билігі үш жыл бойы халықаралық іздеуде болған бұрынғы кеден қызметкерін Қазақстанға экстрадициялады. Оған аса ірі көлемде мемлекетке залал келтірді және құжаттарды қолдан жасады деген айып тағылып отыр, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Тергеу мәліметінше, күдікті 2020 жылы қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, сегіз көлікті кедендік баж салығынан заңсыз босатқан. Осы заңсыз әрекеттің салдарынан мемлекет қазынасына 45 миллион теңгеден астам қаржы түспей қалған.
Қылмыс жасағаннан кейін ол тергеуден бой тасалап, үш жыл бойы жасырынып жүрген. Құқық қорғау органдары оны Испанияның Барселона қаласында ұстады.
Қазіргі уақытта айыпталушы Астана қаласындағы тергеу изоляторына қамалды. Егер оның кінәсі сотта толық дәлелденсе, мүлкі тәркіленіп, жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Фото: Әлеуметтік желіден
