Қазақстандық теннисші Заңғар Нұрланұлы Australian Open жасөспірімдер турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Ширек финалда Нұрланұлы Гонконг өкілі Кай Томпсонмен кездесті. Матч қазақстандық спортшы үшін өте тартысты өтті: ойын барысында оның аяғының сіңірі тартылып, кей сәттерде кортқа құлап қалуына тура келді. Алайда 17 жастағы теннисші жеңіске деген жігерін көрсетіп, үш сетте жеңісті жұлып алды. Қорытынды есеп – 3:6, 7:6, 6:4.
Енді Заңғар Нұрланұлы финалға шығу үшін америкалық Китон Ханс пен тайваньдық Куан Шоу Чен арасындағы кездесудің жеңімпазымен ойнайды.
Сондай-ақ 31 қаңтарда Australian Open корттарында қазақстандық теннисші қыздардың қатысуымен екі бірдей финалдық матч өтеді. Жекелей сында Елена Рыбакина беларусьтік Арина Соболенкомен бас жүлдені сарапқа салса, Анна Данилина сербиялық спортшы Александра Круничпен бірге бельгиялық Элисе Мертенс пен қытайлық Чжан Шуай жұбына қарсы чемпиондық атақ үшін таласады.
Фото: ҚТФ сайтынан
