NASA жарты ғасырлық үзілістен кейін Айды айналып ұшатын алғашқы экипажы бар «Artemis II» миссиясының басталу күнін белгіледі. Тарихи ұшырылым 6 наурызға жоспарланып отыр, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Миссия экипажы ұшу алдындағы барлық жаттығуды толық аяқтап, қазіргі уақытта денсаулықтарын сақтау мақсатында арнайы карантинге жатқызылды. Бұл – ғарышқа аттанар алдындағы стандартты процедура.
Дегенмен, ұшырылым туралы түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ. Келесі аптаның соңында Джаред Айзекман бастаған арнайы комиссия техникалық дайындықты соңғы рет тексереді. Егер барлығы сәтті болса, комиссия миссияны бастауға рұқсат береді.
«Artemis II» миссиясы – NASA-ның Айға адамдарды қайта қондыруды көздейтін ауқымды бағдарламасының маңызды кезеңі. Бұл сапар барысында ғарышкерлер Айға қонбайды, бірақ оны айналып өтіп, Жерге оралады.
Фото: Әлеуметтік желіден
