Kundelik Алматы мектептерінде қалады: Сот BilimClass платформасына тыйым салды

«Күнделік (Kundelik)» ЖШС Алматы қаласының білім басқармасына қарсы сотта жеңіске жетіп, қала мектептеріндегі цифрлық платформаны ауыстыру процесі уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты білім басқармасы мен оған қарасты барлық мекемелерге «Күнделік» жүйесінің орнына BilimClass немесе басқа ақпараттық жүйелерді енгізуге, тестілеуге немесе пилоттық режимде іске қосуға бағытталған кез келген әрекетке тыйым салды.

Сот ұйғарымы бойынша білім басқармасына, оған қарасты аудандық бөлімдерге, мектептер мен білім беру ұйымдарына «Күнделік» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің орнына BilimClass платформасын немесе кез келген басқа жүйені енгізуге қатысты іс-әрекеттер жасауға тыйым салынды.

Сонымен қатар, сот оқушылардың, ата-аналардың және білім беру қызметкерлерінің дербес деректерін Kundelik жүйесінен басқа ақпараттық жүйелерге, соның ішінде BilimClass платформасына көшіруге, беруге және жүктеуге шектеу қойды. Бұдан былай Алматы мектептерінде балама цифрлық платформаларды енгізу туралы шарттар жасауға да рұқсат етілмейді.

Алайда, бұл сот ұйғарымы түпкілікті емес және оған Алматы қалалық сотында шағым түсірілуі мүмкін.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика