Қостанайда 34 ауылдасын 211 миллион теңгеге алдап соққан екі жергілікті тұрғынға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Тергеу дерегінше, екі алаяқ 2022 жылдың желтоқсаны мен 2023 жылдың қарашасы аралығында тұрғындардан «көлікті кедендік ресімдеуге» және «банк шоттарындағы тыйымды алып тастауға» көмектесеміз деген желеумен ақша жинаған.
Олардың бұл уәдесіне сенген жәбірленушілер несие рәсімдеп, жинаған-тергенін еш ойланбастан қолхат арқылы ұстата салған. Нәтижесінде 34 адамға келтірілген жалпы шығын көлемі 211 миллион теңгеден асқан.
Сотталушылар тағылған айыппен келіспей, кінәсін мойындаудан бас тартты. Десе де, сот олардың кінәсін толық дәлелденді деп тауып, біреуін 6 жыл 8 айға, екіншісін 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды.
Бұған қоса, оларға 10 жыл бойы кәсіпкерлікпен айналысуға тыйым салынды. Жәбірленушілердің азаматтық талап-арыздары толықтай қанағаттандырылды. Сотталғандар жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Фото: Әлеуметтік желіден
