Қазақ мұнайы бар танкерге шабуыл: «ҚазМұнайГаз» ресми мәлімдеме жасады

Каспий құбыр консорциумының терминалы маңында қазақ мұнайын тасымалдайтын танкерге дронмен шабуыл жасалды. Бұл ақпаратты «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы растады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Компанияның хабарлауынша, MATILDA кемесін «ҚазМұнайГаздың» еншілес компаниясы «Қазтеңізтрансфлот» ЖШС жалдаған. Танкерге Каспий құбыр консорциумының терминалында қазақстандық мұнайды тиеу 18 қаңтарға жоспарланған еді.

Алайда 13 қаңтарда танкерге ұшқышсыз ұшу аппаратымен шабуыл жасалып, салдарынан жарылыс болған, бірақ өрт шықпаған.

«Экипаж мүшелері зардап шеккен жоқ. Алдын ала бағалау бойынша, кеме теңізде жүзуге жарамды, бастапқы тексеру кезінде күрделі құрылымдық зақым белгілері анықталған жоқ. Келтірілген шығын көлемі есептеліп жатыр», — деп нақтылады ұлттық компания.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика