Тоқаев QazaqGaz басшысына тапсырма берді: Халықты газбен үздіксіз қамту керек

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «QazaqGaz» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Әлібек Жамауовты қабылдады. Кездесуде газ саласындағы ірі жобалардың барысы мен халықты көгілдір отынмен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Әлібек Жамауов Мемлекет басшысына былтыр атқарылған жұмыстардың нәтижесін баяндады. Оның айтуынша, өткен жылы 400 мыңға жуық тұрғыны бар 112 елді мекенге табиғи газ тартылған.

Өткен жылдың ең маңызды жетістіктерінің бірі – «Талдықорған – Үшарал» газ құбырының іске қосылуы болды. Бұл жоба жоспарланған мерзімнен 1 жыл 4 ай бұрын аяқталған. Нәтижесінде Жетісу облысындағы 84 елді мекен көгілдір отынға қол жеткізіп, өңірдегі газдандыру деңгейі 76 пайызға жетті.

Компания басшысы газ тұтыну көлемінің артуына байланысты геологиялық барлау жұмыстары жанданып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар Астана қаласы мен оның агломерациясын газбен қамтуға басымдық беріледі.

«Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральды газ құбырының екінші желісін тарту, Қашағанда жылына 1 миллиард текше метр газ өңдейтін зауыт салу сияқты ауқымды инфрақұрылымдық жобалар іске асырылып жатыр», — деді Жамауов.

Сондай-ақ, президенттің тапсырмасы бойынша газ саласының ресурстық базасын дамыту үшін Жамбыл облысындағы «Малдыбай» және «Бархан» кен орындарында жұмыстар жүргізілуде. Бұдан бөлек, «Aqyl Energy» бастамасы аясында жасанды интеллект көмегімен газ құбырын басқару үдерісі цифрландырылып жатыр.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғындар мен өндіріс орындарын жылыту маусымында газбен тұрақты қамтамасыз етуді, цифрлық технологияларды енгізуді және саланың ресурстық базасын нығайтуды тапсырды.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика