«Лукойлдың» Қазақстандағы үлесі сатылады: Жаңа иесін АҚШ таңдауы мүмкін

Ресейлік «Лукойл» компаниясы АҚШ санкцияларына байланысты Қазақстандағы үлесін қоса алғанда, шетелдегі барлық активтерін сатуға мәжбүр. Мәміле 17 қаңтарға дейін аяқталуы тиіс, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, ресейлік компания АҚШ-тың санкциялар тізіміне енгендіктен, енді шетелдегі бизнесінен бас тартуға тиіс. Ең бастысы – мәміленің өзі америкалық тараппен келісілуі керек.

Активтерді сатып алуға негізгі үміткерлер ретінде америкалық Carlyle инвестициялық компаниясы, Chevron мен Quantum Capital Group және Біріккен Араб Әмірліктерінің International Holding Company компаниясы аталып отыр. Жалпы құны шамамен 22 миллиард долларға бағаланған активтерге осы үш компания да үмітті.

Сатылатын активтер пакетіне Қазақстан, Ирак және Әзербайжандағы кен орындары, сондай-ақ Еуропа мен АҚШ-тағы мұнай өңдеу зауыттары мен жанармай құю станцияларының желілері кіреді.

Аталған компаниялардың ешқайсысы мәмілеге қатысты әзірге түсініктеме бермеді. Соңғы шешімді АҚШ Қаржы министрлігі жанындағы Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) қабылдайды. Дәл осы мекеме активтердің басқа компанияға өтуіне рұқсат беруі керек.

Reuters дереккөздері OFAC келіссөздердің жалпы мерзімін ұзартуы немесе жекелеген лицензиялар беруі мүмкін екенін айтады. Бұған дейін Қаржы министрлігі қазан айында Gunvor компаниясымен және желтоқсанда Xtellus Partners компаниясымен жасалмақ болған екі мәмілені бұғаттап тастаған болатын.

Бұған дейін «Лукойлдың» Қазақстандағы активтерін сатып алуға үміткерлер тізіміне Сауд Арабиясының Midad Energy компаниясы да кіргені хабарланған еді. Егер мәміле 17 қаңтарға дейін мақұлданбаса, ресейлік компания активтерді өз шарттарымен сату мүмкіндігінен айырылуы мүмкін.

Фото: DALL-E нейрожелісі

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика