Сарапшы: Фастфуд үстемдігі қазақстандықтардың денсаулығына қауіп төндіреді

Қазақстанда қоғамдық тамақтану нарығының 45%-ын фастфуд иеленді, бұл өз кезегінде халық арасында семіздік пен жүрек ауруларының көбеюіне әкеп соғып отыр, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Qazaq Expert Club сарапшысы Лаура Аутелееваның айтуынша, қоғамдық тамақтану нарығында пайдалы тағамдар сегментінің дамымай қалуының астарында бірнеше себеп жатыр. Сарапшы бұл үрдістің соңы үлкен мәселелерге ұласуы мүмкін екенін ескертеді.

2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша, қоғамдық тамақтану кәсіпорындарының айналымы 10%-ға өскен. Бұл өсім негізінен Алматы мен Астана қалаларының есебінен тіркеліп отыр. Алайда, осы айналымның 40-45%-ы толығымен фастфуд үлесінде.

«Қазақстандағы қоғамдық тамақтану орындарының шамамен 28,9%-ы, яғни үштен бірі дерлік – фастфуд. Ал «пайдалы фастфуд» үлесі небәрі 3-4% деңгейінде қалып отыр. Егер жағдай өзгермесе, 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 7-8%-дан аспауы мүмкін», — дейді сарапшы.

Пайдалы тағамдар нарығының дамымауының негізгі себептері – шикізаттың қымбаттығы, сақтау мерзімінің қысқалығы, импортқа тәуелділік, инфрақұрылымның нашарлығы және дәм күшейткіштер мен арзан өнімдерге негізделген фастфудпен баға бәсекесіне төтеп бере алмау.

Мұндай терең өңделген өнімдердің калориясы жоғары, құрамында тұз, қант және транс майлар шамадан тыс көп болады. Бұл үрдіс ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің статистикасында да көрініс тапқан:

2024 жылы семіздік диагнозы 9 122 адамға қойылған, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 3%-ға жоғары. Жүрек-қан тамырлары аурулары 5%-ға, ал I типті қант диабеті 6%-ға өскен.

Сарапшының пікірінше, бұл тек халықтың денсаулығына ғана емес, сонымен қатар мемлекеттің денсаулық сақтау саласына жұмсайтын болашақ шығындарына да тікелей әсер етеді. Мәселені шешу үшін «фермер → өңдеу → қоғамдық тамақтану» тізбегін қалыптастырып, пайдалы тағам өндірушілеріне мемлекеттік қолдау көрсету және халықтың тамақтану мәдениетін арттыру қажет.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика