Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттік реформаға қатысты кезекті жұмыс кеңесін өткізіп, бір палаталы Парламент құру және конституциялық өзгерістерге қатысты халықтан түскен ұсыныстармен танысты, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президентке Жұмыс тобының отырысында болашақ бір палаталы Парламенттің мәртебесін, өкілеттіктері мен функцияларын айқындау жөніндегі ұстанымдар әзірленгенін баяндады. Оның айтуынша, биліктің басқа тармақтарымен өзара іс-қимыл тетіктері де пысықталған.
Кездесуде Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев Мемлекет басшысын конституциялық реформаға қатысты жұртшылық пен Жұмыс тобы мүшелерінен келіп түскен жаңа ұсыныстар туралы хабардар етті.
Қасым-Жомарт Тоқаев барлық пікір мен бастаманы мұқият ескеру керегін айтты. Сонымен қатар ол реформаның тағдырын кім шешетінін нақтылады.
«Конституциялық реформа бойынша түпкілікті шешімді ел азаматтары жалпыұлттық референдумда қабылдайды», – деп мәлімдеді Президент.
Сондай-ақ кеңесте Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысына дайындық мәселесі талқыланды. Президент Құрылтайды биыл 20 қаңтарда Қызылорда қаласында өткізуді белгілеп, маңызды шараны жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырды.
Фото: Әлеуметтік желіден
