Энергетика министрлігі бензин бағасының күрт өсуі туралы қауесетке жауап берді

Фото: Pixabay

Энергетика министрлігі жанармай бағасының қымбаттайтыны жөнінде қоғамда тараған әңгімелерге қатысты ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде 2025 жылдың 21 желтоқсанында Санкт-Петербургте Еуразиялық экономикалық одақ елдері басшылары бас қосып, мұнай мен мұнай өнімдерінің бірыңғай нарығын құру жөнінде келісімге қол қойғаны, соның салдарынан бензин бағасы өсетіні туралы ақпарат тараған еді.

Аталған мәселеге Энергетика министрінің кеңесшісі әрі ресми өкілі Әсел Серікпаева пікір білдірді. Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда АИ-92 маркалы бензин бағасын көтеруге уақытша мораторий енгізілген.

– Бұл шешім инфляцияның өсуін тежеу мақсатында қабылданды. Қазіргі жағдайда жанармай бағасының бірден қымбаттауы күтілмейді, ахуал толық бақылауда, – деді ол.

Сондай-ақ 2027 жылдан бастап ЕАЭО аясында мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарығын қалыптастыру кезең-кезеңімен жүзеге асатыны айтылды. Алайда бұл бағалардың басқа елдермен автоматты түрде теңестірілуін білдірмейді.

– Басты мақсат – заңнаманы үйлестіру. Интеграциялық үдерістерде ұлттық мүдде мен Қазақстан азаматтарының әл-ауқаты бірінші орында тұрады, – деп атап өтті Әсел Серікпаева.

Маман көршілес елдермен жанармай бағасындағы айтарлықтай айырмашылық «сұр» экспорттың көбеюіне әкелуі мүмкін екенін де ескертті. Бұл өз кезегінде ішкі нарықта тапшылық туындатуы ықтимал.

Сонымен қатар қазіргі төмен баға деңгейі инвестиция тартуға кедергі келтіріп отырғаны айтылды. Саланы дамыту үшін Шымкент, Атырау және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту, сондай-ақ жаңа төртінші мұнай өңдеу зауытын салу қажеттігі атап өтілді.

– Мораторий аяқталғаннан кейін нарықтық бағаға көшу біртіндеп іске асады. Барлық шешімдер елдегі экономикалық жағдай мен халықтың табысын ескере отырып қабылданады. Күрт өзгерістер болмайды, – деп түйіндеді министрлік өкілі.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика