Алматыда еңгезердей еркектер жасөспірімді сабаған: Анасы әділдік іздеуде

Фото: видеодан скрин

Алматыда үш ер адам жасөспірім мен оның ағасын соққыға жыққан, алайда полиция күдіктілердің біреуін ғана ұстаған, деп жазады Qazaqtoday.info ақпарат порталы. 

Оқиғаның мән-жайын зардап шеккен жасөспірімнің анасы Сымбат Арғынова айтып берді. Оның сөзінше, жайт 15 желтоқсаннан 16 желтоқсанға қараған түні Алматы қаласындағы Төле би көшесінде орналасқан жанармай құю бекетінде болған.

«Зардап шеккендер — інім мен 15 жастағы ұлым. Олар досын күтіп алуға барған. Жанармай бекетіне келгенде ұлым көлікте қалған, ал ағасы мен досын күтіп отырған сәтте сыртта жанжал шыққан. Балам не болып жатқанын білмек болып көліктен шыққанда, оны да жабылып ұрған. Ұлымды жұлқып, есінен танғанша соққыға жықты. Біз полицияға арыз жаздық. Бірақ үш адамның тек біреуі ғана ұсталды. Қалғандары әлі бостандықта жүр. Оның үстіне, күдіктілердің бірі полиция бөлімшесінде ұлымды балағаттап, кейін тауып аламын деп қорқытқан», — дейді анасы.

Жәбірленуші тараптың айтуынша, баласы ауруханада жатқан кезде күдіктілердің ешқайсысы кешірім сұрап келмеген.

«Ұлым миы шайқалып, жағы шығып кеткен. Қазір жақ сүйегіндегі тістерін емдетіп жатырмыз. Психологиялық тұрғыда да ауыр соққы алды. Психотерапевтке апармақпын. Себебі ол “ұрып жатқанда өліп қаламын ба деп қатты қорықтым” деп жылап айтады», — дейді Сымбат Арғынова.

Қазіргі таңда жәбірленушінің анасы оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалардың заң аясында қатаң жауапқа тартылуын талап етіп отыр.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика