Астанадағы жедел медициналық жәрдем станциясының басшылығы мен қызметкерлері 850 млн теңге көлемінде бюджет қаржысын жымқырды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Прокуратураның мәліметінше, күдіктілер қатарында станция директоры, орта буынның екі басшысы және тағы бір қызметкер бар. Олар 2020-2023 жылдар аралығында автобөлшектерді есептен заңсыз шығарып, қызмет көрсету туралы жалған келісімшарттар жасау арқылы мемлекет қаржысын иемденген.
Тергеу деректері бойынша, бұл заңсыздықтардың салдарынан жедел жәрдем көліктерінің саны азайып, халыққа қызмет көрсету сапасына кері әсер еткен. Алайда қазіргі уақытта «103» автопаркі толықтай қалпына келтірілгені хабарланды.
Мемлекетке келтірілген жалпы шығын көлемі 850 миллион теңгеге бағаланды. Қазір бұл іс сотқа жолданды. Күдіктілерге «алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін иемдену» бабы бойынша айып тағылды.
Фото: Әлеуметтік желіден
