Трамп Иранмен келіссөз туралы айтты: Бірақ оған дейін әрекет етуіміз мүмкін

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның келіссөзге келуге ниетті екенін мәлімдеді. Бұл мәлімдеме елдегі наразылық акциялары күшпен таратылып, 500-ден астам адам қаза тапқан тұста жасалды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Дональд Трамптың айтуынша, Иран басшылығының өзі байланысқа шыққан.

«Иран басшылары қоңырау шалды. Қазір кездесу ұйымдастырылып жатыр. Олар келіссөз жүргізгісі келеді», — деді АҚШ президенті.

Алайда ол Вашингтонның келіссөзді күтпей, басқа қадамдарға баруы мүмкін екенін де ескертті.

«Бірақ кездесуге дейін бізге әрекет етуге тура келуі мүмкін», — деп қосты Трамп, бірақ нақты не істейтінін ашып айтпады.

Әзірге Тегеран АҚШ президентінің сөзіне қатысты ешқандай түсініктеме бермеді.

Бұған дейін Трамп Ақ үй мен америкалық әскери сарапшылардың наразылық білдірушілерді қолдау үшін Ирандағы ықтимал іс-қимыл нұсқаларын талдап жатқанын айтқан. АҚШ-та орналасқан HRANA құқық қорғау ұйымының мәліметінше, Ирандағы тәртіпсіздіктер кезінде кемінде 544 адам қаза тауып, 10 600-ден астамы ұсталған. Шынайы құрбандар саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін, себебі интернеттің бұғатталуына байланысты елдің сыртқы әлеммен байланысы қатты шектелген.

Трамп АҚШ-тың наразылық білдірушілерге спутниктік интернетке қол жеткізуге көмектесе алатынын болжады. Ол Starlink сервисін ұсынатын SpaceX компаниясының иесі Илон Маскпен сөйлесуге уәде берді.

CNN телеарнасының хабарлауынша, Вашингтон әскери соққылар кері нәтиже беруі мүмкін деп қауіптенеді. Өйткені бұл халықты авторитарлық басшылықтың айналасына топтастырып, наразылық қозғалысын әлсіретуі ықтимал.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика