2026 жылы медицина өзгереді: МӘМС-сіз кімдер тегін емделе алмай қалуы мүмкін?

2026 жылдан бастап Қазақстанның денсаулық сақтау саласында әр азаматқа әсер ететін бірқатар маңызды жаңалық енгізіледі. Сарапшы тегін медициналық қызметтердің сақталатынын, алайда жоспарлы ем алу үшін МӘМС мәртебесінің маңызы артатынын айтты, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Qazaq Expert Club сарапшысы Гүлнафис Жүсіпәлиеваның айтуынша, бұл өзгерістер медициналық көмек алу ережелерінен бастап, цифрландыру мен медицина қызметкерлерін қолдау шараларына дейін қамтиды.

«Бірден айтайын: тегін қызметтер тізімі қысқармайды», — деп атап өтті сарапшы.

Бұрынғыдай толық көлемде мына қызметтер тегін көрсетіледі: жедел медициналық жәрдем; учаскелік дәрігердің қабылдауы; профилактикалық тексерулер; скринингтер; жүкті әйелдер мен балаларды бақылау; шұғыл көмек қажет болғандағы негізгі диагностика.

Тағы бір маңызды жаңалық – әлеуметтік маңызы бар ауруларға (онкология, туберкулез, АИТВ, вирустық гепатиттер, инсульт, инфаркт) күдік туындағанда тегін диагностика жасалады. Бұл тексерулерден барлық азамат МӘМС мәртебесіне қарамастан өте алады. Бұл шара ауруды ерте кезеңде анықтап, емдеуді уақытылы бастауға мүмкіндік береді.

Ал салалық мамандардың жоспарлы консультациялары, жоғары технологиялық диагностика және оңалту қызметтері енді тек МӘМС жүйесі аясында көрсетіледі. Негізгі медициналық көмек емханаларға шоғырланады.

2026 жылы медицина қызметкерлерін қолдау шаралары да кешенді түрде күшейтілмек. Жүктемесі көп және мамандар тапшы салаларда, мысалы, жедел жәрдем қызметі мен инфекциялық бөлімшелерде қызметкерлердің табысы 10–15%-ға артты. Сонымен қатар, дәрігерлерге қызмет бабында қорқытып-үркіткені, балағаттағаны немесе күш көрсеткені үшін жауапкершілік қатаңдайтын жаңа заң қабылданды.

Өңірлік деңгейде де қосымша қолдау бар. Мысалы, Жетісу облысында жас дәрігерлерге ауылдық жерде жұмыс істесе – 10 млн теңге, ал қаладағы медициналық ұйымдарға орналасса – 5 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы беріледі.

Цифрландыру арқылы дәрігерлердің әкімшілік жүктемесі азайып, олардың пациенттерге көбірек уақыт бөлуіне жағдай жасалуда. Азаматтар eGov порталы мен мобильді қосымшалар арқылы дәрігерге жазылып, МӘМС мәртебесін тексеріп, жолдама алып, сараптама нәтижелерін көре алады.

«Жоспарлы медициналық көмек алу үшін сізге МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесі қажет. Бұл мәртебе тек жұмыс істеп, жарна төлейтіндерге ғана берілмейді», — дейді сарапшы.

Мемлекет азаматтардың 15 жеңілдік санаты үшін жарнаны өзі төлейді. Сондай-ақ, әл-ауқатының дағдарысты және шұғыл деңгейіндегі жұмыссыздар үшін жарнаны жергілікті бюджеттер жабады. Мәртебеңіз болмаса, жоспарлы диагностикаға және созылмалы ауруларды емдеуге қол жеткізу шектелуі мүмкін. Сондықтан әр азамат өз мәртебесін алдын ала тексергені жөн.

Фото: Жеке мұрағаттан

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика