Астанадағы LRT тіректерін безендіруге қатысты жаңа бастама әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Бұған «Архитектура Астаны» Instagram парақшасында жарияланған бағаналардың ішіне ескерткіштер орнату туралы көркемдік тұжырымдама себеп болды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Идея авторының ойынша, бағаналардың біріне сәулеттік ерекшелік ретінде орталық монумент қойып, әрі қарай әр оныншы тірекке өзіндік тарихы мен сипаты бар батырлардың бейнесін орнатуға болады. Оның пікірінше, уақыт өте келе бұл кеңістік қаланың тарихи көрнекті орнына айналуы мүмкін.
Алайда желі қолданушылары бұл ұсынысты қатаң сынға алды.
«Тіректерді сырлауға да болмайды. Бұл – инженерлік тірек конструкциялары, олар таза күйінде қалуы керек. Себебі пайдалану барысында пайда болатын ақаулар анық көрініп тұруы тиіс», – деп жазды Астана тұрғындарының бірі.
Пікір қалдырушылардың кейбірі мұны орынды әрі қауіпсіз шешім деп санап, тек жарықтандыру шамдарын орнатумен шектелуді ұсынды. Жалпы, көпшілік LRT тіректерін ешқандай көркемдік өзгеріссіз, қазіргі қалпында қалдырған дұрыс деген ортақ пікірге келді.
Бұған дейін Астанада LRT желісі жақын арада іске қосылатыны хабарланған болатын. Жолақысы бір сапар үшін 200 теңге болуы мүмкін, бірақ нақты тариф кейінірек жарияланады.
