Путин әскеріне қарсы жаңа қару: Британия Украинаға қуатты зымыран жасайды

Ұлыбритания Украинаға әлі жасалып бітпеген, бірақ аса қуатты жаңа тактикалық баллистикалық зымырандарын беретінін мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Бұл туралы жексенбіде жарияланған үкіметтің баспасөз хабарламасында айтылған.

«Біріккен Корольдік Украинаның әскери қуатын арттырып, Путиннің соғыс машинасынан қорғану қабілетін күшейтетін жаңа тактикалық баллистикалық зымырандар жасайды», — делінген ресми хабарламада.

Бұл зымырандардың ұшу қашықтығы 500 шақырымнан асады, ал оқтұмсығының салмағы шамамен 200 келі болады. Британия бұл қаруды «Project Nightfall» жобасы аясында былтыр қолға алған.

«Nightfall зымырандарын кез келген жерүсті көлігінен ұшыруға болады. Ол бірнеше зымыранды қатарынан жылдам атып, санаулы минутта шегініп үлгереді. Бұл Украина әскеріне Ресей күштері жауап қатып үлгергенше маңызды нысандарға соққы беруге мүмкіндік береді», — деп жазылған хабарламада.

Желтоқсанда Ұлыбританияның Қорғаныс министрлігі осы қарудың алғашқы үлгілерін жасауға конкурс жариялаған. Өтінімдер ақпан айының басына дейін қабылданады. Наурызда таңдалған үш компания бір жыл ішінде сынаққа дайын зымырандар жасау үшін әрқайсысы 9 миллион фунт стерлингтен алады.

Осыдан кейін Британия айына 10 зымыран шығаруды жоспарлап отыр. Әр зымыранның құны 800 мың фунттан (шамамен 1,07 млн доллар) аспауы тиіс.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика