Иран АҚШ-қа ескерту жасады: Израиль мен әскери базаларыңды нысанаға аламыз

Иран елдегі наразылықтарға АҚШ әскери күшпен араласатын болса, Американың базалары мен Израильге соққы беретінін мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Парламент спикері Мұхаммед Бәкір Қалибаф егер Иранға шабуыл жасалса, «басып алынған аумақтар» (Израиль), сондай-ақ Американың барлық базасы мен кемелері заңды нысанаға айналатынын айтты. Бұл мәлімдеме Дональд Трамп әкімшілігі Ирандағы ахуалға байланысты әскери қимылдарды қарастырып жатқаны туралы америкалық БАҚ-та ақпарат тарағаннан кейін жасалды. Алайда бұл туралы ресми дерек жоқ, ал шабуыл жасау туралы шешім әлі қабылданбаған.

Иран билігі наразылыққа шыққандарды өлтіретін болса, Вашингтон ирандықтарға «көмекке» келуге дайын екенін АҚШ президенті Дональд Трамп бірнеше рет мәлімдеген. Сенбі күні ол әлеуметтік желіде Иран халқының «бұрын-соңды болмаған» бостандыққа ұмтылып жатқанын жазып: «АҚШ көмектесуге әзір!!!» – деп қосты.

Өз кезегінде Иран президенті Масуд Пезешкиан АҚШ-қа елдің ішкі ісіне араласпауды ескертіп, наразылықты арандатуға Вашингтон мен Израильді айыптады.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика