Ақтауда өлтірілген жігіт: Күдіктілер туралы ақпарат үшін 2 млн теңге тігілді

Ақтау тұрғыны Александр Насибаридің өліміне қатысты күдіктілер туралы ақпарат берген адамға 2 миллион теңге сыйақы тігілді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Адвокат Ажар Әбділ Instagram парақшасында күдіктілерге іздеу жарияланғанын мәлімдеді. Қолда бар деректер бойынша, олар қылмыс жасағаннан кейін Ресейге өтіп, одан әрі Әзербайжан арқылы Түркияға бет алған болуы мүмкін.

«Олардың тұрған жерін анықтап, ұстауға жәрдемдесетін нақты ақпарат үшін жеке өз атымнан 2 000 000 теңге сыйақы жариялаймын. Сыйақыға кепілдік беріледі. Құпиялылық заң аясында сақталады», – делінген адвокаттың үндеуінде.

Заңгер іздеудегі адамдарды көрген, қылмыстан кейін олармен сөйлескен немесе олардың жасырыну, ақша не көлік алу әрекеттерінен хабардар болуы мүмкін азаматтардан көмек сұрады. Сондай-ақ жазбада күдіктілерді жасырған, оларға көмектескен немесе жалған ақпарат берген адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны ескертілген.

Маңғыстау облысының полиция департаменті екі күдіктіге де ресми түрде халықаралық іздеу жарияланғанын растады. Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстанның құқық қорғау органдары Ресей Федерациясының құзыретті қызметтерімен бірлесіп, халықаралық ынтымақтастық арналарын тарта отырып, іздестіру шараларын жүргізіп жатыр.

Полиция сондай-ақ ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілінген адамдарды жасыру, оларға ақша, көлік, баспана беру немесе жалған ақпарат тарату арқылы көмектесу қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды.

33 жастағы Ақтау тұрғыны Александр Насибари 2025 жылғы 24 қарашада үйінен шығып кетіп, жақындарымен байланысқа шықпаған. Оның жоғалғаны туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тараған болатын.

8 желтоқсанда оның денесі радонды бұлақтар маңынан табылғаны белгілі болды. Марқұмның денесінен 20-дан астам пышақ жарақаты мен бас сүйек жарақаттары анықталған. Бұған дейін адвокат Ажар Әбділ күдіктілердің Қазақстан азаматтары екенін мәлімдеген еді.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика