Прокурор Елшібаев: Әкесін ұрып өлтірген күдікті кінәсін толық мойындады

Түркістан облысы Жетісай аудандық сотында туған әкесін аяусыз ұрып-соғып, азаптады деп айыпталған 41 жастағы Алмас Садақбаевқа қатысты сот процесі жалғасып жатыр, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Сот отырысында марқұмның денесіне жасалған сараптама қорытындысы жарияланды. Оған сәйкес, қарт кісінің мұрны мен қабырғалары сынған, денесінің көптеген жерінде ауыр жарақаттар болғаны анықталды. Сонымен қатар сотта айыпталушының әкесін сабаған сәті түсірілген видео дәлел ретінде көрсетілді.

Бұл істегі тағы бір жайт – видеожазбада айыпталушының жұбайы да болған. Алайда оған қатысты «Ұрып-соғу» бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс дәлелдердің жеткіліксіздігінен тоқтатылды.

«Садақбаевтың кінәсі сотқа дейінгі тергеу барысында тағайындалған сараптамалармен, сот-медициналық қорытындылармен және куәгерлердің айғақтарымен толық дәлелденді. Ол өз кінәсін толық мойындады», — деді прокурор Нұрмахан Елшібаев.

Сотталушының кәмелетке толмаған екі баласы бар. Бұл жағдай сот үкімі шығарылған кезде жазаны жеңілдететін фактор ретінде ескерілуі мүмкін.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика