Ақтөбе облысындағы 12 адам қаза тапқан жол апатына қатысты қылмыстық іс тоқтады

Ақтөбе облысында 12 адам қаза тапқан жол-көлік апатына байланысты қозғалған қылмыстық істі сот тоқтатты. Бұған негізгі айыпталушы – DAF жүк көлігінің жүргізушісі қайтыс болғаны себеп болды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты заң талабына сай, күдікті не айыпталушы қайтыс болса, оған қатысты қылмыстық қудалау тоқтайтынын түсіндірді. Тек кей жағдайларда ғана іс жалғаса алады: марқұмды ақтау қажет болса, басқа адамдардың әрекетін тексеру керек болса немесе тәркіленуге тиіс мүлік пен қаражатты анықтап, келтірілген зиянды өтеуге бағыттау талабымен. Сот мәліметінше, осы негіздер бойынша істі жалғастыруды сұраған өтініш түспеген.

Сонымен бірге сот Ақтөбе облыстық полиция департаментінің басшысына арнайы қаулы жолдады. Сот дознавательдің әрекетіне назар аударды: іс бойынша айыпталушының қайтыс болғаны қылмыстық қудалауды тоқтатуға жеткілікті мән-жай екенін біле тұра, ол істі жаппай, айыптау қорытындысын жасап, материалдарды сотқа жіберген.

«Сот қылмыстық істерді тергеуде қағазбастылыққа салынуға және салғырттыққа жол берілмейтінін көрсетті», — делінген сот түсіндірмесінде.

Қайғылы оқиға 2025 жылғы 23 қазанда Самара – Шымкент тасжолында болды. Тергеу болжамынша, Өзбекстан азаматы басқарған жүк көлігі қарсы бағытқа шығып кетіп, жолаушылар таситын «Газельмен» соқтығысқан.

Апат салдарынан 12 адам мерт болды, олардың ішінде екі көліктің жүргізушілері де бар. Тағы алты адам жарақат алды.

Шетелдік жүргізушіге Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша айып тағылған.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика