Ұлыбритания мен Франция Украинаға 15 000 сарбаз жібермек

Фото: press.lv

Ұлыбритания мен Франция Украина аумағында әскери инфрақұрылым орналастыру мүмкіндігін қарастырып отыр. Екі ел бірлескен бітімгершілік миссиясы аясында Украинаға әскер жіберуге дайын, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Бұл туралы The Times басылымы жазды. Алғашқы болжамда контингент саны 15 мыңға дейін жетуі мүмкін делінгенімен, нақты жоспар бұдан төмен болуы ықтимал. Атап айтқанда, Лондон шамамен 7 500 әскери қызметші жіберуді көздеп отыр, ал Париж де осындай көлемде күш бөлмек. Мұндай шектеу екі елдің тұрақты әскер санына байланысты екені айтылды.

Франция президенті Эммануэль Макрон бұл әскери күштер соғыс қимылдарына қатыспайтынын атап өтті. Оның айтуынша, бітім жасалған жағдайда әскерлер Украина аумағында, бірақ майдан шебінен алыс орналасқан батыс өңірлерде жайғасады.

Ал Германия өз әскерін Украинаға тікелей енгізбей, көршілес аймақтарда — мүмкін Польша немесе Румыния аумағында орналастыруға дайын екенін мәлімдеді.

6 қаңтар күні Париж қаласында өткен «қалау білдірген коалиция» саммитінде бірқатар елдер Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерін беру жөніндегі декларацияға қол қойды. Сонымен қатар Киев, Париж және Лондон Украина бітімге қол қойған жағдайда британ, француз және өзге серіктес әскерлерін орналастыруға құқықтық негіз қалыптастыратын ниет декларациясын бекітті.

Британия премьер-министрі Кир Стармер бітім басталған соң Украина аумағында «әскери орталықтар» құрылып, қару-жарақ пен әскери техниканы сақтауға арналған қорғалған нысандар салынатынын айтты.

Бұған дейін Ұлыбритания Қарулы күштері штабының экс-басшысы, адмирал Тони Радакин еуропалық әріптестерінен Украинаға 64 мың әскер жіберу мүмкіндігін сұраған. Алайда Лондон бастапқыда тек 10 мың адам жіберуге дайын екенін білдірген. Кейінгі есептеулер нәтижесінде тіпті 25 мың әскери қызметші — ең жоғарғы шек екені анықталған.

Украина президенті Владимир Зеленский Франция мен Ұлыбританиямен жасалған келісімді «өте нақты» деп бағалап, украин тарапында қай елдердің қатысатыны және олардың әрқайсысы қандай үлес қосатыны жөнінде толық мәлімет бар екенін мәлімдеді.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика