Желтоқсанда қазақстандықтар зейнетақы жинағын радиохирургияға рекорд көлемде жұмсады

2025 жылдың желтоқсанында қазақстандықтар зейнетақы жинағын гамма-пышақ және кибер-пышақ сияқты радиохирургиялық емге төлеуге бұрынғыдан да жиі бағыттады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

DATA-HUB дерегіне сүйенсек, бір айдың ішінде 7 154 өтінім мақұлданып, азаматтар 5,6 млрд теңгені осы қызметтерге аударған. Бұл көрсеткіш бұрын тіркелмеген деңгейге жетті.

Желтоқсанға дейін жағдай мүлде басқа болды: 1 желтоқсанға қарай радиохирургияға небәрі 507 өтінім өтіп, төлем көлемі 548 млн теңгені құраған. Қараша айынан бастап сұраныс күрт артқан.

Радиохирургияға деген қызығушылық зейнетақы жинағын медицинаға жұмсаудың жалғыз бағыты емес. 2025 жылғы қарашада қазақстандықтар пластикалық операцияларға 2 277 өтінім беріп, 2,1 млрд теңге шешкен.

Көз ауруларын емдеуге қатысты өтінім саны да қыркүйек пен қазан айларында бірнеше есеге өсіп кеткен.

Сонымен бірге ережелер қатаңдай түсті. 2025 жылғы қыркүйектен бастап тіс емдеуге зейнетақы жинағын пайдалану мүмкіндігі жабылды.

4 желтоқсаннан бастап офтальмологиялық қызметтер бойынша өтінім қабылдауды тоқтатты. Бұған дейін пластикалық операциялар да рұқсат етілген қызметтер тізімінен алынған.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика