Неге кейбір шенеуніктер 2024 жылғы табыс декларациясын жарияламады: Агенттік түсініктеме берді

Қазақстанда 2024 жылға арналған кіріс туралы декларацияны неге барлық мемлекеттік қызметкер ашық түрде жарияламағаны талқыланып жатыр. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі барлық шенеунік деректі белгіленген тәртіппен тапсырғанын, бірақ оның бәрі бірдей жарияланбайтынын түсіндірді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Агенттіктің мәліметінше, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап декларацияны міндетті түрде жариялайтын тұлғалар тізімі нақты бекітілген. Олардың қатарына саяси қызметшілер, «А» корпусының мүшелері, Парламент депутаттары, судьялар, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, квазимемлекеттік сектор басшылары және олардың жұбайлары кіреді.

Осы санаттағы тұлғалардың деректерін кадр қызметтері орналастыруы керек. Агенттік бұл ақпаратты ашық ету мерзімін 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін деп көрсеткен.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі журналистерге тағы бір жайтты нақтылаған: егер лауазымды тұлғаның негізгі жалақысынан бөлек қосымша табысы болмаса, жариялауға тиіс дерек те болмайды. Сондықтан мұндай жағдайда декларация мәліметі ашық ресурстарда көрінбеуі мүмкін.

«Егер негізгі жалақыдан басқа қосымша табыс тіркелмесе, жарияланатын дерек болмайды», – деп түсіндірді агенттік өкілдері.

Сонымен бірге ведомство жалған немесе дәл емес мәлімет бергендерге жауапкершілік қарастырылғанын ескертті. Мұндай жағдайда әкімшілік жаза да, тәртіптік шара да қолданылуы мүмкін.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика